Шығыс Қазақстан облысының елдi мекен аумақтарында құрылыс салу Қағидасы туралы

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының III сессиясының 2007 жылғы 14 желтоқсандағы N 3/42-IV шешiмi. Шығыс Қазақстан облысының әдiлет департаментiнде 2008 жылғы 24 қаңтарда N 2471 тiркелдi

 

"Дидар" от 7 февраля 2008 года N 16


 

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  21 бабы  4) тармақшасына және "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  6 бабы  1 тармағының 15) тармақшасына сәйкес Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты  ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса берiлiп отырған Шығыс Қазақстан облысының елдi мекен аумақтарында құрылыс салу Қағидасы бекiтiлсiн.
      2. "Шығыс Қазақстан облысының қала және елдi мекендерiнiң аумақтарында құрылыс салу ережесi туралы" Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2000 жылғы 27 маусымдағы N 4/4-II шешiмiнiң (N 345 нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеудiң тiзiлiмiнде тiркелген) күшi жойылды деп танылсын. 
      3. "Шығыс Қазақстан облысының аумақтарында құрылыс салу ережесi туралы" Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2007 жылғы 16 қазандағы N 2/19-IV шешiмiнiң күшi жойылды деп танылсын.
      4. Осы шешiм ресми жарияланған күннен кейiн он күнтiзбелiк күн өткеннен соң қолданысқа енгiзiледi.

       Сессия төрағасы

      Шығыс Қазақстан облыстық 
      мәслихатының хатшысы

Шығыс Қазақстан облыстық   мәслихатының
2007 жылғы 14 желтоқсандағы     
N 3/42-IV шешiмiмен бекiтiлдi    

  Шығыс Қазақстан облысы 
Елдi мекендерiнiң аумақтарында құрылыс салу 
қағидасы

1 бөлiм. Жалпы жағдайлар

  1. Қағидаларда қолданылатын негiзгi түсiнiктер

      Осы Шығыс Қазақстан облысы Елдi мекендерiнiң аумағында құрылыс салу қағидасы (бұдан әрi-Қағида) Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексiне , Қазақстан Республикасының  Жер кодексiне , Қазақстан Республикасының  Экологиялық кодексiне , " Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы ", " Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы ", " Тұрғын үй қатынастары туралы ", " Жеке тұрғын үй құрылысы туралы " Қазақстан Республикасының заңдарына, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес әзiрленген және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң жер телiмдерiн пайдалану, елдi мекен аумақтарын және табиғи аймақтарды жобалау және салу жөнiндегi шарттар мен талаптарды анықтайды; жаңа нысандарды немесе қолданыстағы жылжымайтын мүлiк нысандарын орналастыруға және салуға және уақытша имараттарды өзгертуге (қайта бейiмдеу, қайта жабдықтау, қайта жобалау, қайта жаңарту, кеңейту, күрделi жөндеу) рұқсат беру рәсiмдерiн өту тәртiбiн белгiлейдi, Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтерiн жүзеге асыруға байланысты өзге де қатынастарды реттейдi.

      1. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ) - нысанның мақсатына, негiзгi параметрлерiне және оны нақты жер телiмiнде (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешенi, сондай-ақ осы елдi мекен үшiн қала құрылысының регламенттерiне сәйкес белгiленген жобалау мен құрылысқа қойылатын мiндеттi талаптар, шарттар және шектеулер;
      елдi мекендi абаттандыру - елдi мекен аумағында адамның қолайлы, салауатты және тиiмдi өмiр тiршiлiгiн құруға бағытталған элементтер мен жұмыстар кешенi;
      қала құрылысының регламенттерi - қала құрылысының регламенттерi - аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк нысандарын пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда; 
      тапсырыс берушi - жылжымайтын нысан құрылысына мердiгерлiк шарт жасасқан және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес өз мiндеттерiн жүзеге асырушы заңды және жеке тұлға. Тапсырыс берушi салушы уәкiлеттiк берген басқа тұлға немесе салушы болуы мүмкiн, мұндайда салушы уәкiлеттi тұлғаға өзiнiң жергiлiктi атқарушы органымен және мемлекеттiк бақылау органымен өзара қарым-қатынасындағы қызметiн бере алады;
      құрылыс салушы - белгiленген нысан құрылысын жүзеге асыру ниетi бар және жергiлiктi атқарушы органының осы нысанның құрылысына жер телiмiн беру туралы шешiмiн немесе меншiк құқығы немесе жердi пайдалану құқығы бар тұлғаға тиесiлi жер телiмiн осы құрылысқа пайдалануға берiлген шешiмiн алған заңды немесе жеке тұлға;
      жалпы пайдаланудағы жасыл желектер - жеке тұрған ағаштар, бұталар, саябақтар, желекжолдар, бақтар, орман-бақ желектерi, көшедегi екпелер, квартал арасындағы көгалдар, санитарлық қорғау көшеттерi, темiржол және автокөлiк жолдары бойындағы орман жолақтары, гүлзарлар және көгалдар;
      инженерлiк инфрақұрылым - адамдардың тiршiлiк етуi, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет айналымының тұрақты жұмыс iстеуi үшiн қалыпты жағдай туғызатын кәсiпорындардың (ұйымдардың), нысандардың (ғимараттар мен құрылыстардың), инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларының және желiлерiнiң жиынтығы;
      көлiк инфрақұрылымы - көпiр, тоннель және өзге де көлiк құрылыстарының, жол тарамдары мен жол өткiзгiштерiнiң, реттеушi белгi беру құрылғыларының, байланыстың, көлiк жұмысының инженерлiк қамтамасыз ету, жүктердi, жолаушыларды тасымалдайтын көлiк құралдарына қызмет көрсету, өндiрiстiк және қызмет көрсетушi адамдардың функционалдық қызметiн қамтамасыз ететiн нысандардың, қойма үй-жайлары мен аумақтардың, санитарлық-қорғаныш және күзет алаңдарының, сондай-ақ көрсетiлген бағыттағы жолдарға және жылжымайтын мүлiк нысандарын қамтитын нысандарға заңдарда бекiтiлген жерлердiң кешенi бар жерүстi (автомобиль және (немесе) темiр) жолдарының, су (теңiз және (немесе) өзен) жолдарының жиынтығы;
      қызыл сызық - елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады;
      құрылыс салуды реттейтiн желiлер (құрылыс салу желiлерi) - ғимараттарды (имараттарды және құрылыстарды) қызыл және сары желiлерден немесе жер телiмдерiнiң шекараларынан шеттете отырып, орналастыру кезiнде белгiленетiн құрылыс шекаралары;
      қала құрылысындағы жылжымайтын мүлiк нысандары (бұдан әрi - жылжымайтын мүлiк нысандары) - осы нысандар орналастырылатын, ғимараттарды, имараттарды және жер телiмдерiн пайдалану, салу және қайта жаңғырту жөнiндегi қызметтердi жүзеге асыратын нысандар;
      сәулет органы - жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, сәулет және қала құрылысы саласында реттеудi жүзеге асыруға уәкiлдiк берiлген, сәулет және қала құрылысының атқарушы органы;
      мемлекеттiк сәулет-құрылысты бақылау органы (мемсәуқұрылбақылау органы) - сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында сәулет және құрылысты бақылау, инспектiлеу және лицензиялаудың облыстық атқарушы органы;
      коммуналдық шаруашылық орган - жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, коммуналдық шаруашылық саласында реттеудi жүзеге асыруға әкiмдiк уәкiлдiк берген атқарушы орган;
      жер қатынастары жөнiндегi орган - жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, жер қатынастары саласында қызметтi жүзеге асыратын облыстың, ауданның (облыстық маңызы бар қала) атқарушы органы;
      қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi орган - қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi аумақтық және жергiлiктi атқарушы орган;
      мемлекеттiк қадағалау органдары - жобалау және құрылыс жұмыстарының құрылыс, өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, табиғат қорғау және өзге де нормалар мен ережелерге сәйкестiгiне келiсiмдi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар;
      мердiгер - Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiне сәйкес тапсырыс берушiмен жасалған мердiгерлiк шарты бойынша жұмыс атқаратын, және заңнамаға сәйкес лицензиялауға жататын қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды немесе жеке тұлға;
      жобалаушы - тиiстi жобалау қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалар;
      құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзуге рұқсат - жеке меншiк иесiнiң, пайдаланушының немесе жылжымайтын нысанды жалға алушының жер телiмiне құрылыс салуға, құрылыстар, ғимараттар, құрылыстар, имараттар мен магистральдық инженерлiк желiлердi салу, қайта жаңғырту, аумақты абаттандыруды жүзеге асыруға құқықты  куәландыратын құжат;
      қала құрылысында жер телiмдерiн және өзге де жылжымайтын мүлiк нысандарын рұқсат етiлген пайдалану - қала құрылысы регламентiне сәйкес жылжымайтын мүлiк нысандарын пайдалану; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленген аталған нысандарды пайдалануға шектеулер, сондай-ақ сервитуттар;
      өз еркiмен құрылыс салу - өз еркiмен құрылыс салу (тұрғызу) (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте, сондай-ақ оған қажеттi рұқсат алмай құрылған, осы мақсаттар үшiн бөлiнбеген жер телiмiнде ерiктi құрылыс салу (тұрғын үйлер, басқа да құрылымдар, имараттар және өзге де жылжымайтын мүлiк), сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстары өндiрiсiне рұқсаты жоқ нысандарды салу;
      құрылыс алаңы - салынатын құрылыс нысанын, уақытша ғимараттар мен имараттарды, техниканы, топырақ үйiндiсiн, құрылыс материалдарын, бұйымдарын, жабдықтарын орналастыруға және құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға пайдаланылатын аумақ (құрылыс алаңының шекарасы құрылыс ұйымы жобасында белгiленген тәртiпте келiсiледi және жұмыс өндiрiсiнiң жобасымен анықталады); 
      пайдаланушы ұйым - нысандар мен инженерлiк коммуникацияларды (су құбыры, канализация, электр желiлерi, газбен жабдықтау және жылумен жабдықтау желiлерi, байланыс) пайдалануды жүзеге асыратын ұйым.
      Осы Қағидада нормативтiк құқықтық актiлерде пайдаланылатын өзге де ұғымдар пайдаланылады, осыған сәйкес Қағида әзiрленген. 

  2. Қала құрылысы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету

      2. Шығыс Қазақстан облысының елдi мекендер аумағында әр түрлi бағыттағы нысандарды өз еркiмен салуға жол берiлмейдi.
      3. Жер телiмдерiнiң жеке меншiк иесi, пайдаланушысы (жалға алушысы) болып табылатын азаматтар мен заңды тұлғалардың жер телiмдерiн құрылыс салу және пайдалануы қала құрылысы регламентiне, құрылыс салу қағидасына сәйкес жылжымайтын нысанға рұқсат етiлген пайдалануын сақтай отырып, жоспарлау жобаларында бекiтiлген қызыл сызықтарды сақтай отырып, сондай - ақ экологиялық, санитарлық және өртке қарсы талаптарды ескере отырып, жүргiзiледi.
      Жер телiмдерiн пайдалану нысаналы мақсатқа сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Тұрғын үй алыптарының, өнеркәсiп кәсiпорындарының, iрi қоғамдық ғимараттар мен кешендердiң қала құрылысы жобалары, сәулеттiк жобалары облыс әкiмдiгi жанындағы сәулет-қала құрылысы кеңесiнiң қарауына жатады.
      5. Жеке және заңды тұлғалар:
      құрылыс салуды заңнамалық тәртiпте бекiтiлген Қағидалар мен жобаларға сәйкес жүзеге асырады;
      қоршаған ортаға, тарихи және мәдени ескерткiштерге, табиғатқа, қалалық, ауылдық және табиғат ландшафттарына, инженерлiк, көлiк инфрақұрылым нысандарына және аумақты абаттандыруға керi әсер ететiн, үшiншi тұлғаның заңды мүддесiне нұқсан келтiретiн және iргелес жер телiмдерi мен өзге де жылжымайтын мүлiк нысандарын жеке меншiк иелерiнiң, қожайындарының, жалға алушылардың немесе пайдаланушылардың құқықтарын iске асыруға кедергi келтiретiн iс-әрекеттер жасамайды; 
      сәулеттiк- қала құрылысы құжаттамасына, құрылыс нормаларына және ережелерiне, экологиялық, санитарлық, өртке қарсы және басқа арнайы нормативтерге сәйкес жер телiмдерiндегi ғимараттарға, құрылымдарға, имараттарға және басқа жылжымайтын нысандарды дұрыс ұстау жөнiндегi және жер телiмдерiн абаттандыру жұмыстарын жүргiзедi;
      қала құрылысы саласында бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк қадағалаушы органдардың (мемлекеттiк сәулет-құрылысты бақылау, мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, өртке қарсы қызметтiң) ұйғарымдарын орындайды; 
      жылжымайтын мүлiк нысандарына техникалық түгендеудi, мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын және аумақтарға құрылыс салу мониторингiн жүргiзудi жүзеге асыратын ұйымдарға өздерiне тиесiлi жылжымайтын мүлiк нысандарының өзгерiстерi туралы нақты мәлiметтердi бередi;
      жобалау құжаттамасының бiр данасын (көшiрмесiн), сондай-ақ құрылысқа арналған кешендi инженерлiк iзденiстер материалдарын жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органының мұрағатына, ал егер ол жоқ болған жағдайда облыстық сәулет және қала құрылысы органының мұрағатына өтеусiз тапсырады;
      қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтайды.

  3. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры және елдi мекендер 
аумағындағы нысандар мониторингi

      6. Қалалар мен аудандар әкiмдiктерi сәулет және қала құрылысы бөлiмдерiнiң мемлекеттiк қала құрылысы кадастры мамандары пайдалануға берiлетiн нысандар және әлеуметтiк сала кешендерiнiң, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымының есебiн жүргiзедi.
      7. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының мәлiметтерi, мемлекеттiк, конфиденциалдық және коммерциялық құпияға жататын мәлiметтерден басқасы азаматтар мен заңды тұлғалар үшiн жалпыға қол жетерлiк болып табылады және сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi мемлекеттiк өкiлеттi орган белгiлеген тәртiпте ұсынылады.
      8. Елдi мекендер аумағындағы нысандар мониторингiнiң мәлiметтерi қала құрылысы кадастрына енгiзiлуге жатады.

2 бөлiм. Елдi мекендер аумағына құрылыс салуды реттеу

  4. Жер телiмдерiн пайдалану бойынша шарттар мен талаптар

      9. Құрылыс салуды жүзеге асыруға ниет бiлдiрген, бiрақ тиiстi жер телiмi жоқ тапсырыс берушi заңнамада көзделген жағдайларда мемлекеттен жер телiмiне құқық алуға (сатып алуға) құқылы.
      10. Жер телiмдерiне құқық беру тәртiбi Қазақстан Республикасының жер заңнамасымен реттеледi.
      11. Құрылыс салу үшiн жер телiмiне құқықты сату жөнiнде сауда өткiзу кезiнде қатысушыға мынадай қосымша талаптар қойылуы мүмкiн:
      жылжымайтын мүлiк нысандарын бұзуға, тұрғындарды көшiруге, ғимараттар мен көлiк, байланыс коммуникациясын және инженерлiк жабдықтарды көшiруге кеткен залалдар мен өзге де шығындардың орнын толтыру;
      инженерлiк, көлiк және әлеуметтiк инфрақұрылым нысандарын салу (заңнамада көрсетiлген жағдайлардан басқа);
      жылжымайтын мүлiк нысанын салу мерзiмдерiн сақтау;
      жалпы қолданыстағы аумақты абаттандыру.
      Аталған талаптар жер телiмiне құқық басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сақталады.
      12. Жер телiмiн таңдау сатысында қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тiкелей немесе жанама әсер ететiн және азаматтардың заңды мүдделерiне тиетiн (асфальтбетонды зауыттар, құрылыс материалдарының өндiру, металлургиялық және химиялық кәсiпорындары, жанар - жағар май құятын станциялар, жанар - жағар материалдары қоймалары, көлiк қоятын жерлер, наубайханалар және тағы басқалары) жобаланатын нысандарды орналастыру қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына әсерiн бағалай отырып, қоғамдық пiкiрдi ескере отырып жүзеге асырылуы тиiс. Қоршаған ортаға әсерiн бағалау қабылданатын шаруашылық шешiмдер нұсқаларының экологиялық және басқа салдарын анықтау, қоршаған ортаны сауықтыру жөнiнде ұсынстар әзiрлеу табиғи экологиялық жүйе мен табиғи ресурстардың жойылуын, құлдырауын, зақым келуiн және жұтауының алдын алу мақсатында жүргiзiледi. Қоршаған ортаға әсерiн бағалау жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасының ажырамас бөлiгi болып табылатын құжат түрiнде рәсiмделедi. Қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсер ететiн жобаларды әзiрлеу және iске асыру қоршаған ортаға әсерiне бағалау жүргiзбейiнше жол берiлмейдi.
      13. Құрылыс салуға жер телiмiн бергенде сәулет органы құрылыс салу нысандарын орналастыру бойынша шығыс - рұқсат беру құжаттамасын әзiрлеудi тапсырыс берушiнiң мемлекеттiк органдары және пайдаланушы ұйымдарымен келiсудi өтуiн қамтамасыз етедi, онда:
      жер телiмiнiң орналасқан жерi, оның iшiнде: жалпы пайдаланудағы жасыл желектер, оларды сақтау немесе келтiрiлген зиянды өтеу есебiмен бұзуға мүмкiндiктiң, суды қорғау аймағының және су бетi су нысандарының жолағы, сумен жабдықтаудың су бетi және су асты көздерiнiң санитарлық сақтау аймағының болуы, қолданыстағы кәсiпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарының болуы және онда жобаланып отырған нысанды орналастыру мүмкiндiгi атап көрсетiледi;
      ғимарат алаңы, көлiк тұрақтары және басқа да элементтердiң көрсетiлiп бөлiнген аумақтың алаңы;
      жоспарлау жобаларына және аумақтың құрылыстық жобасына сәйкес телiмнiң жобалық шекаралары және қоршалған нысандарына дейiн телiм шекараларының арақашықтығы;
      жер телiмдерiн рұқсат етiлген мақсатта пайдалану;
      жер телiмдерiн инженерлiк, көлiктiк және әлеуметтiк инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету.
      14. Жеке тұрғын үй құрылыс нысандары, гараждар, саяжай құрылымдары, шаруашылық құрылыстары үшiн жер телiмдерiн ұсыну туралы шешiм шығару кезiнде қала (аудан) әкiмдiгi бiр уақытта берiлетiн жер телiмiне жобалауға және/немесе салуға рұқсат беруге құқылы.
      15. Жер телiмдерiн құрылыс салу кезiнде пайдалануға қала құрылысы талаптары елдi мекеннiң Бас жоспарының, жоспарлау және құрылыс жобаларының, сондай-ақ осы Қағиданың негiзiнде белгiленедi.
      16. Сәулет органы жер қатынастары жөнiндегi органмен бiрге елдi мекеннiң бас жоспарына және өзге актiлерiне сәйкес нысанның құрылысы үшiн жер телiмiн пайдалану мүмкiншiлiгiн анықтайды.
      17. Қала (аудан) әкiмдiгi жобалау және (немесе) құрылыс салу мақсаттары үшiн жер телiмiн беру туралы шешiм қабылдағаннан кейiн сәулет органы мен құрылыс салушының арасында жер телiмiн игеру туралы шарт жасасады, онда келесi жағдайлар белгiленедi:
      жер телiмiн игеру мерзiмi;
      жер телiмiн игерудiң аралық бақылау мерзiмi;
      құрылыс салушы жер телiмiн игеру кестесiн орындамаған жағдайда, одан жер телiмiн (пайдалану құқығын) алып қою шарттары.
      Құрылыс салушының жер телiмiн (жер пайдалану құқығын) алып қою шарттары оның құрылыс салуды жүзеге асыруда шеккен шығындарының орнын толтыруды қамтамасыз етуi тиiс.

  5. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге рұқсат алу

      18. Белгiленген тәртiпте бекiтiлген жоба (нобайлық жоба), жергiлiктi (аудандар, облыстық маңыздағы қалалар) сәулет және қала құрылысы органдарымен келiсiлген, сондай-ақ сараптаманың оң қорытындысы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге рұқсат алу үшiн негiз болып табылады.
      19. Құрылыс- монтаж жұмыстарын (құрылыстың басына және ауыспалы құрылыс бойынша олардың жыл сайынғы ұзартылуы) жүргiзуге рұқсат беру (беруге негiздi бас тарту) төмендегiдей жүргiзiледi:
      республикалық маңыздағы нысандар құрылысының сапасына мемлекеттiк сәулет-құрылысты бақылауды жүзеге асыратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган;
      жергiлiктi маңыздағы нысандар құрылысының сапасына мемлекеттiк сәулет-құрылысты бақылауды жүзеге асыратын облыстың атқарушы органы.
      20. Қызметi тұрғын үй ғимаратындағы (үйлер, жатақханалар) жеке бөлмелер мен бөлiктердi қайта жаңартумен (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) байланысты шағын бизнес субъектiлерiнде жергiлiктi атқарушы органдардың сәйкес шешiмi бар болған жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзуге рұқсат ведомствоға қарасты аумақта мемлекеттiк сәулет-құрылысты бақылауды жүзеге асыратын облыстың атқарушы органы бередi. Құрылыс салуға рұқсат беру құрылыс салуға рұқсат берген органмен тiркелуге тиiс.
      21. Жылжымайтын нысандарды салу және қайта жаңарту жұмыстарының жүзеге асырылуын бақылау құрылыс салуға арналған рұқсатқа, сондай-ақ қала құрылысын салу реттемесiне, құрылыс нормалары және ережелерiне сәйкес, құрылыс салуға рұқсат берген органға заңнамамен көзделген басқа жағдайларды ескермегенде жүктеледi.
      22. Мемлекеттiк сәулет-құрылысты бақылау органдарымен немесе сәулет органдарымен құрылыс салуға рұқсат мына жағдайларда берiлмеуi мүмкiн:
      жер телiмiн мақсатқа сай пайдаланбағанда;
      жобалық құжаттама пайдалануға рұқсат берiлген жер телiмiне сәйкес келмегенде;
      жобалық құжаттама құрылыс нормалары және ережелерiне, сондай-ақ табиғатты қорғау, санитарлық және өртке қарсы нормативтерге, жол қозғалысы қауiпсiздiгi туралы заңнама талаптарына сәйкес келмегенде;
      атқарушыда лицензияның болмауы.
      23. Құрылыс салуға рұқсат беру бiр жылдан аспайтын мерзiмге берiледi. Құрылыс салуға рұқсат беру тапсырыс берушiнiң өтiнiшi негiзiнде ұзартылуы мүмкiн. Рұқсат берудiң қолданылуы бекiтiлген жобадан және қолданыстағы заңнама нормаларының басқа бұзушылықтарынан түскен түсiмдерге, жұмыстарды жүргiзу ережелерiн бұзған деректердi орнатқан жағдайда тоқтатылуы мүмкiн. Сонымен бiрге тапсырыс берушiге жазбаша түрде тиiстi нұсқама берiледi.
      24. Жылжымайтын мүлiк нысандарына меншiк құқығы өткен кезде оларды салуға рұқсат беру әрекетi сақталады. Құрылыс салуға берiлген рұқсат қайта тiркеуге жатады. Қайта тiркеусiз жұмысты жүргiзуге жол берiлмейдi.

  6. Құрылыс алаңдарын ұстауға қойылатын талаптар

      25. Құрылыс алаңы құрылыс салушының қарауында болады. Құрылыстың мердiгерлiк тәсiлiнде құрылыс алаңы құрылыс-монтаж жұмыстары өндiрiсiне рұқсат берiлген кезеңiнен, егер ол дайындық және құрылыс жұмыстарын орындауда алаң жағдайын бекiтетiн актi (хаттама) бойынша құрылыстың басқа қатысушысына берiлмесе мердiгердiң қарауында болады.
      26. Құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанға дейiн құрылыс алаңы және жұмыстардың қауiптi аймақтары оның шегiнде қоршалуы керек.
      Құрылыс алаңының шекарасы барлық мүдделi органдар және қызметтермен келiсiлген және сәулет органымен бекiтiлген қолданыстағы нормалар мен ережелерге сәйкес әзiрленген, құрылыстың бас жоспарымен анықталады.
      Алаңға кiре берiсте нысанның атауы, құрылыс салушының (тапсырыс берушiнiң), мердiгердiң (бас мердiгердiң) атауы, нысан бойынша жауапты жұмыс өндiрушiнiң тегi, лауазымы және телефоны, сондай-ақ нысан құрылысының басталу және аяқталу мерзiмi көрсетiлген ақпараттық қондырғылар орнатылуы тиiс.
      Тапсырыс берушi қалдықтармен байланысты ғимараттарды, имараттарды және басқа нысандарды салу кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген экологиялық, санитарлық және басқа талаптарды сақтайды.
      Қажеттi жағдайда құрылыс алаңы қоқыс жинау үшiн, сондай-ақ шыға берiсте көлiк құралының дөңгелегiн тазалау немесе жуу пункттерi, ал сызықты нысандар - жергiлiктi атқарушы органдармен анықталған орындар қондырғылармен немесе шанақтармен жабдықталуы мүмкiн болып табылады.
      Жұмыс басталар алдында жұмыс атқарушы құрылыс бас жоспармен қарастырылған көшелердi жабу, көлiк қозғалысын шектеу жөнiндегi iс-шаралар iшкi iстер органдарының жол полициясымен келiсiледi. Шектеу қажеттiлiгi аяқталғаннан кейiн көрсетiлген органдар мәлiмделедi.
      27. Құрылыс алаңдары, онда орналасқан ғимараттар, уақытша құрылыстар мен имараттар заңнама талаптарына сәйкестендiрiлуi тиiс.

3 бөлiм. Азаматтық-өнеркәсiптiк және басқа да бағыттағы
 нысандар құрылысы

  7. Жалпы талаптар

      28. Нысанды жобалауға арналған рұқсат беру құжаттары мыналар болып табылады:
      жобалауға (зерттеуге, iздестiру жұмыстарын жүргiзуге) рұқсат беру туралы қала (аудан) әкiмдiгiнiң қаулысы;
      сәулет органының сәулеттiк-жоспарлау тапсырмасы.
      29. Рұқсат беру құжаттары келесi жобалық жұмыс түрлерiн жүргiзуге әзiрленедi:
      ғимараттар, имараттар және түрлi нысандағы кешендердiң жаңа құрылысын салу, қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру және күрделi жөндеудi жобалау;
      тарих, археология, мәдениет пен сәулет ескерткiштерiне жатқызылған нысандар мен имараттарды күрделi жөндеу, жаңарту мен пайдалану, қорғау аймақтарын анықтауды жобалау;
      жерасты және жер үстi инженерлiк коммуникациялар мен имараттар, автомагистральдар, көшелер, өткелдер мен көлiктiк имараттар, қоғамдық көлiк аялдамаларының жаңа құрылысын салу, қайта жаңарту, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру және күрделi жөндеу;
      алаңдар, саябақтар және түрлi нысандағы басқа жасыл аймақтар, бассейндер мен фонтандар, қоршаулар мен шағын сәулет нысандары, көшелiк жарықтандыру, ғимараттар, имараттар мен кешендердi жарықтағыш, әр алуан жарнама түрлерiн, ақпараттық құрылғылар мен көше көрсеткiштерi және қоғамдық нысандағы аумақтарды жайландыру жөнiндегi басқа жұмыстарға жаңа құрылыс салу, қайта жаңарту және күрделi жөндеудi жобалау.
      табиғи ландшафты жобалау;
      уақытша мақсаттағы нысандарды (павильондар, дүңгiршектер, жазғы алаңдар, базарлар, автотұрақтар, гараждар, жанар-жағармай құю станциялары, автомобильдердi техникалық тексеру мен нақтылау орындары, түрлi нысандағы қосымша құрылыстар мен имараттарды, қоршаулар, уақытша инженерлiк желiлер, көшелiк жарықтандыру мен басқа нысандарды орнату) орналастыру мен жайластыруды жобалау;
      құрылғылар мен жасыл желектердi бұзу, аумақтарды жоспарлау жөнiндегi жер жұмыстары, ғимараттар, құрылымдар мен имараттардың iшкi және сыртқы тiреу қабырғаларын бұзуды, негiзгi жаяу жүргiншiлер телiмдерi мен алаңдарын асфальттау, бетондау нәтижесiнде нысанның сыртқы параметрлерi және функционалдық пайдалануын өзгертетiн жұмыстардың басқа да түрлерi.
      30. Сәулет органының бақылау жүргiзуiмен рұқсат құжаттарынсыз төмендегi құрылыс жұмыстары орындалады:
      бұрын келiсiлген жобалық құжаттама бойынша ағымдағы жөндеу;
      жаппай мерекелiк iс-шараларды өткiзу кезiнде халыққа қызмет көрсету үшiн сауда орындарын орналастыру.

  8. Құрылысты жобалау және қайта жаңарту

      31. Нысандарды жаңадан салуды, қайта жаңартуды (жаңарту, кеңейту, күрделi жөндеу, техникалық қайта жарақтандыру) жобалау және абаттандыру қала (аудан) әкiмдiгiнiң шешiмiне және тапсырыс берушi бекiткен жобаға арналған тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылады.
      Стратегиялық, экологиялық қауiптi және траншектес нысандардың жаңа құрылысын жобалау жоспарланып отырған шаруашылық қызметiнiң қоршаған ортаға әсер етуiн бағалау және жобалаудағы нысандар бойынша қоғамдық пiкiрдi есептеу материалдарын қолданумен, ал қалған нысандарды "Қоршаған ортаны қорғау" бөлiмiн әзiрлеумен жүзеге асырылады. Қоршаған ортаға әсер етудi бағалау және қоғамдық пiкiрдi есептеу, сондай-ақ "Қоршаған ортаны қорғау" бөлiмi жөнiндегi материалдар бойынша экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жергiлiктi атқарушы билiк органдары үшiн жобалау құжаттамасын әзiрлеу жөнiндегi, сондай-ақ құқықтық, ұйымдастырушылық және шаруашылық шешiмдердi қабылдауда негiз болып табылады.
      Жобалық құжаттаманы әзiрлеу санитарлық, экологиялық, өртке қарсы талаптарды және құрылыс нормаларын, жол қозғалысы қауiпсiздiгi туралы заңнаманы есепке ала отырып, сәулет органы беретiн сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес орындалады. Сәулет-жоспарлау тапсырмасына табиғи-климаттық, сейсмикалық және қала құрылысы талаптарын ескерiп, әр түрлi нысандағы нысандарды жоспарлау, сондай-ақ сәулеттiк шешiмiн жасау, қасбеттердi, iшкi орын-жайларды, төсемдердi және қазiргi заманға құрылыс және әрлеу материалдарын қолдана отырып, шатырлы орын-жайларды әрлеу, төсемдерден және нысандарға жақын орналасқан аумақтардан атмосфералық жауынды су қашырту жүйелерiн жасау, аумақты көгалдандыру және абаттандыру, көшенiң өту жолдары мен жаяу жүргiншiлер жолдарын, шағын сәулет нысандарын жабу, жарнама, тәулiктiң қараңғы кезiнде жарықтандыру және жарық түсiру жөнiндегi жалпы ұсынымдар кiредi.
      32. Жобаны әзiрлеу мынадай кезеңдер бойынша жүзеге асырылады:
      жобалау алдындағы құжаттаманы (нобайлық жоба немесе құрылыстың техникалық экономикалық негiздемесi) әзiрлеу;
      жобалау құжаттамасын "Қоршаған ортаны қорғау" бөлiмiмен бiрге әзiрлеу;
      жобаны сараптау;
      жобаны бекiту.
      33. Сәулеттiк-жоспарға, тиiстi алғашқы ақпараттарға, жобалау тапсырмасына сәйкес әзiрленген жобалау-сметалық құжаттамасы қолданыстағы заңнамамен белгiленген талаптарға сәйкес келiсуден өтiп, бекiтiледi.
      Әзiрленген жоба сараптаманың қарауына ұсынылады. Жоба құрылыс нормаларынан, сәулет-жоспарлау тапсырмаларының талаптарынан және ұсынымдарынан ауытқыған жағдайда жоба ескертулермен бiрге, оны өңдеу үшiн белгiленген тәртiпте қайта қарастыруға қайтарылады.
      34. Магистральды инженерлiк желiлер мен имараттарды жобалау пайдаланушы және басқа ұйымдардың тапсырысы бойынша жүзеге асырылады. Магистральды инженерлiк желiлер мен имараттардың құрылысына мүдделi жеке және заңды тұлғалар оларды пайдаланушы ұйымдардың балансына кейiннен тапсыруға мүмкiндiгi бар болады.
      Нысандардың қолданылуын қамтамасыз ететiн таратушы және алаңiшiлiк инженерлiк желiлердi, сондай-ақ ұзақтығына қарамастан, ғимараттар мен имараттар iшiндегi желiлердi жобалау пайдаланушы ұйымдардың техникалық шарттарына сәйкес құрылыс салушының тапсырысы бойынша жүзеге асырылады.
      35. Инженерлiк желiлер жобалары толық топогеодезиялық негiзде орындалады және заңнамамен белгiленген тәртiпте сәулет органының келiсуiне жатады.

  9. Құрылыс

      36. Жобалық құжаттамасына сараптау органының оң қорытындысы және жер телiмiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығына актiсi бар азаматтар мен заңды тұлғалар (тапсырыс берушiлер), мемлекеттiк сәулет- құрылысты бақылауды жүзеге асыратын органға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге рұқсат беру туралы мынадай құжаттарды ұсыну арқылы өтiнiш бiлдiредi: 
      белгiленген үлгi бойынша өтiнiш; 
      құрылысқа жер телiмiн беру туралы қалалардың (аудандардың) жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмi; 
      белгiленген тәртiпте бекiтiлген жоба (нобайлық жоба);
      жұмыс түрлерi тiзбесi бар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзу құқығына мемлекеттiк лицензия;
      қаланың немесе ауданның инженерлiк қызметтерiмен келiсiлген құрылыстың бас жоспары, технологиялық құжаттамалар (технологиялық карта, құрылысты ұйымдастыру және жұмыстарды жүргiзу жобасы);
      жоба бойынша сәулет және қала құрылысы, санитарлық-эпидемиологиялық және өрттi қадағалау және мемлекеттiк экологиялық сараптау органдарынан, сонымен бiрге өзге де өкiлеттi органдардан (қажет болған жағдайда) алынған қорытынды;
      жауапты тұлғаның "Сейсмикалық тұрақты құрылыс" және "Құрылыстағы геодезия" (қажет болған жағдайда) курстары бойынша оқытудан өткенi туралы куәлiгi;
      құрылыс алаңын қабылдау бойынша комиссияның актiсi (қажет болған жағдайда);
      ғимараттарды, құрылыстарды және имараттарды (бұзу бар болған жағдайда) бұзу актiсi;
      жобалау ұйымымен (жобалаушымен) авторлық қадағалауға шарт;
      нысанның құрылысына технологиялық iлеспеге шарт;
      бас мердiгердiң және тапсырыс берушiнiң жауапты адамдарының белгiленген үлгi бойынша қолдары;
      сараптаманың оң қорытындысы.
      37. Мемлекеттiк сәулет-құрылысты бақылауды жүзеге асыратын орган тапсырыс берушiлер қажеттi құжаттарды тапсырған кезде жұмыстар өндiрiсiне рұқсат бередi.
      38. Табиғи болмысқа нысанды және кешендi алып шығуға тиiстi құжаттарды жеке және заңды тұлғалар құрылыс ұйымдары уәкiлдерiмен бiрге сәулет органдарында ресiмдейдi.
      39. Құрылыс жұмыстарын жүргiзуге рұқсаты бар құрылыс салушылар (тапсырыс берушiлер) нысанның құрылысы басталғандығы туралы бақылауға алынған нысанды тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар және мемлекеттiк қадағалау органдарының өкiлдерiне 7 күннен кешiктiрмей хабарлайды.
      40. Құрылыс жұмыстарын жүргiзуге рұқсат алғаннан кейiн, тапсырыс берушi сәулет органына құрылыстың бас жоспарын және жер жұмыстарын жүргiзуге рұқсат (ордер) алу үшiн құрылысқа телiм бөлiгiнiң сұлбасын ұсынуы қажет.
      41. Құрылыс кезiнде құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстарының жобасын және сапасын бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауап бередi.
      42. Нысанның немесе кешеннiң құрылысы аяқталған соң, тапсырыс берушiлер нысанды пайдалануға қабылдағанға дейiн сәулет органдарына нысанның және инженерлiк коммуникациялардың орындау топографиялық түсiрiлiмiн ұсынады.

  10. Құрылысы аяқталған нысандарды қабылдау

      43. Құрылысы, қайта жаңартылуы, кеңейтiлуi, техникалық қайта жарақтандырылуы, жаңартылуы және күрделi жөнделуi аяқталған нысандар мен кешендердi пайдалануға қабылдау "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасының  Заңымен  белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
      44. Нысандарды пайдалануға қабылдау мемлекеттiк қабылдау комиссиясымен (қабылдау комиссиясымен) нысанның толық дайындығы жағдайында жүргiзiледi. 
      Егер бекiтiлген жобада бұл қарастырылған болса, онда сатып алушылардың мүмкiндiктерi мен тiлектерiн ескере отырып, кейiннен орындалатын толық дайындыққа iшкi қаптау, әрлеу, тұсқағаз жұмыстарынсыз, таза едендер орналастырусыз, санитарлық-техникалық жабдықтар мен құралдар орнатусыз, тұрмыстық маңызы бар электротехникалық құралдарсыз, газ және электрлiк ас үйлiк плиталарсыз, орамiшiлiк есiк блогынсыз тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар жатуы мүмкiн. Бұл жағдайда нысан бойынша сыртқы әрлеу жұмыстары, сондай-ақ жалпы қолданыстағы орын-жайлардағы (құрылыс бөлiктерiнде) iшкi әрлеу жұмыстары толық көлемде орындалуы тиiс. Мемлекеттiк қабылдау (қабылдау комиссиясы) комиссиясының осындай нысандарды қабылдауы тек аталған жұмыстар аяқталғаннан соң ғана жүзеге асырылады.
      45. Мемлекеттiк қабылдау актiсiн ресiмдегенге дейiн тапсырысшылар мердiгерлермен бiрлесiп:
      жұмыс комиссиясының актiлерiн;
      қажеттi атқару құжаттамасын дайындайды.
      46. Нысандар мен кешендердi пайдалануға қабылдау жұмыс комиссиясының ескертулерiн жойған соң жүзеге асырылады және белгiленген тәртiпте бекiтiлген мемлекеттiк комиссия актiлерiмен, немесе қабылдау комиссиясы актiлерiмен ресiмделедi.
      Құрылыс-монтаж жұмыстарының өндiрiсiне рұқсат болған жағдайда құрылысы аяқталған техникалық қиын емес нысандарды пайдалануға қабылдауды тапсырысшы дербес жүзеге асырады.
      47. Пайдалануға енгiзiлген нысандар мен кешендер тиiстi қала немесе әкiмшiлiк ауданының мемлекеттiк қала құрылысы кадастры қызметiнде тiркеуден өтедi.
      48. Белгiленген тәртiпте бекiтiлген, салынған нысанның мемлекеттiк қабылдау комиссиясының актiсi нысанды жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалған мәмiлелердi тiркеу мемлекеттiк органдарда тiркеу үшiн негiздеме болып табылады. Нысандарды пайдалануға берудiң кепiлдi мерзiмi заңнамаға сәйкес белгiленедi.

  11. Инженерлiк желiлер мен имараттардың құрылысы 
және жөндеу жөнiндегi жұмыстар өндiрiсiнiң қағидасы

      49. Инженерлiк желiлердi және имараттарды зақымданудан сақтандырудың және ескертудiң қажеттi шараларын қолдануға жұмыстар жүргiзу үшiн жауапты тұлға жұмысты бастағанға дейiн мүдделi ұйымдардың өкiлдерiн жұмыс орнына шақырады, олармен бiрлесiп, бар желiлердiң және имаратардың нақты орналасқан жерiн белгiлейдi және оларды толық сақтау үшiн шаралар қолданады.
      Мүдделi ұйымдардың басшылары жұмыс жүргiзу орнына өзiнiң өкiлдерiнiң келуiн қамтамасыз етедi және жұмыстарды орындау кезiнде оларға тиесiлi желiлердiң және имараттардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi талаптардың жазбаша нұсқасын бередi.
      Жол жабындары ашу және көшелердi, алаңдарды және көпшiлiк пайдаланатын басқа орындарды қазу жөнiндегi жұмыстар өкiлеттi органмен берiлген және қаланың (ауданның) сәйкестi қызметтерiмен келiсiлген жер жұмыстарын өндiруге ордерi бар болғанда жүргiзiледi.
      50. Жұмыстарды жүргiзуге жауапты тұлға жұмыстар басталғанға дейiн мыналарды орындайды:
      сәулет органдарында жұмыстар өндiрiсi құқығына ордер ресiмдейдi;
      қазу шекаралары бойынша белгiленген үлгiдегi қоршау белгiлерiн қоюға; 
      жаяу жүргiншiлер қозғалысы орындарында тұтқалары бар жаяу жүргiншiлер көпiрлерiн және қазу телiмiне түнгi уақытта жарық берудi қамтамасыз етедi;
      нөсерлiк жүйенiң үзiлiссiз жұмысын қамтамасыз етуге iс-шаралар қабылдайды;
      механизмдер жұмыс iстейтiн аймақта жасыл желектер бар жағдайда олардың сақталуын кепiлдiк ететiн және науалар мен құдықтарға қол жеткiзуiн қамтамасыз ететiн қалқандармен қоршайды;
      ғимараттарды, имараттарды, коммуникацияларды жөндеу және қайта жаңарту кезiнде нысандарды қоршау жөнiндегi нормалар мен ережелердi сақтау, жасыл желектердi бұзуға жол бермейдi; 
      артық топырақты және құрылыстық қоқыстарды уақытында шығаруды қамтамасыз етедi;
      құрылыс салу және жөндеу аяқталғаннан кейiн, құрылыс алаңдарында жабындардың зақымдалған беттерiн, көгалдарды, аула аумақтарын қалпына келтiру жөнiндегi, сондай-ақ маңындағы аумақтарды қоқыстан тазарту бойынша жұмыстарды дер кезiнде жүргiзедi.
      Жер асты коммуникацияларын қондыру немесе жөндеумен байланысты жұмыстарды жүргiзу кезiнде мыналарға: 
      жаяу жолдарда, жүру бөлiктерiнде және көгалдарда алынған топырақты, құрылыс материалдары мен қоқыстардың қалдықтарын қалдыруға;
      жасыл желектердi, құдық қақпақтарын және нөсер кәрiздерiн көмiп тастауға жол берiлмейдi.
      Жолдарды тиiстi белгiлермен жабуды талап ететiн қазулар кезiнде айналып өту белгiсi анық көрсетiледi. Автокөлiктiң бағдарын өзгерту қажет болған кезде тапсырысшы оларды азаматтарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлай отырып, жергiлiктi атқарушы органдармен және жол полициясымен келiседi.
      51. Траншеяларды әзiрлеу жол жабынының барынша сақталуына кепiлдiк ететiн алдын ала дайындықтан кейiн жүзеге асырылады.
      52. Жұмыстарды орындау орнына материалдарды жеткiзу жұмыстарды орындауды бастағанға дейiн рұқсат етiледi (немесе келiсiлген кесте бойынша).
      53. Көшелерде, алаңдарда және басқа да абаттандырылған аймақтарда жерасты коммуникацияларын жүргiзу үшiн траншеялар мен қазаншұңқырлар қазу келесi талаптарды сақтай отырып, жүргiзiледi:
      жұмыстар жұмыс жүргiзу жобасына сәйкес қысқа телiмдерде орындалады;
      келесi телiмдерде жүргiзiлетiн жұмыстар алдыңғы телiмде қалпына келтiру жұмыстары мен аумақтарды жинастыруды қоса, барлық жұмыстарды аяқтағаннан кейiн бастауға рұқсат етiледi;
      траншеялар мен қазаншұңқырлардан алынған топырақтар жұмыс орнынан шығарылуы тиiс;
      траншеяларды қайта жабу құмды, галечниктi топырақпен, қиыршықтасты елеумен немесе цементтейтiн қасиетi жоқ басқа да аз тығыздалатын материалдармен, қабаттық тығыздалумен жүргiзiледi;
      асфальтбетонды жабындарының енi 4-7 метр көшелерде магистральды инженерлiк желiлердi өткiзген кезде асфальтбетонды жабын қолданыстағы жолдың барлық енi бойынша қалпына келтiрiледi, ал енi жетi метрден көп болса, асфальтбетонды жабындарды қалпына келтiру траншея бойынша және құрылыс механизмдерiнiң жұмыс аймағында орындалады;
      телефон кәрiзiн, электрлiк кабельдердi және басқа инженерлiк желiлердi асфальтобетонды жабындарының енi 1,5-2,0 метр жаяу жолдар бойынша өткiзу кезiнде асфальтобетонды жабын жаяужолдың барлық енi бойынша қалпына келтiрiледi. Жасыл желектердi, жерасты имарат құдығының қақпақтарын, су ағатын торларды және науаларды топырақпен немесе құрылыс материалдарымен жабуға жол берiлмейдi. 
      Желiлiк имараттарды жалпы пайдаланудағы жасыл желектер бойынша өткiзуге жол берiлмейдi.
      54. Траншеяларды әзiрлеудi аяқтағаннан кейiн, жұмыс жүргiзуге жауапты тұлға сәулет органының өкiлiн траншея әзiрлемесiнiң инженерлiк желiлер жобасына сәйкестiгiмен куәландырады және осы сәйкестiктi актiмен ресiмдейдi.
      55. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу немесе аяқтау кезiнде инженерлiк желiлер трассасының жобалары сәйкес емес болған жағдайда, сәулет органдары осы желiлердi қайта өткiзуге ұйғарым бередi. Жобаға сәйкес келтiру үшiн инженерлiк желiлердi және олардың жабдықтарын қайта орнатуға жұмсалатын шығындар осы жұмыстарды жүргiзетiн ұйымның есебiнен жүргiзiледi.
      56. Топырақты жолдарды қазған кезде, қазуды жүргiзген ұйым жұмыстарды аяқтағаннан кейiн топырақты қабаттап тығыздап, қайта жабу жұмыстарын орындайды.
      57. Топырақпен жапқанға дейiн, инженерлiк желiлердi жөндеу және инженерлiк имараттар құрылысы аяқталған соң, құрылысты жүзеге асырушы құрылыс ұйымы орындау құжаттамасының бiр данасын сәулет органдарына тапсырады.
      Люктерi мен құдықтары (бұру бұрыштары жоқ тiк телiмдерде) бар коммуникациялардың орындау түсiрiлiмдерi траншеяларды жапқаннан және сыртқы абаттандыру элементтерiн толық қалпына келтiргеннен кейiн жүргiзiлуi мүмкiн.
      58. Барлық инженерлiк желiлер және олардың имараттарының орындау түсiрiлiмдерi бiр данадан жергiлiктi сәулет органдарына берiледi. Орындау сызбасы инженерлiк желiлердiң немесе имараттың төлқұжаты болып табылады және салынып жатқан нысанның құралды геодезиялық түсiрiлiмi негiзiнде орындалған жоспардан және пiшiннен тұрады.
      59. Құрылысы аяқталған инженерлiк желiлердi пайдалануға қабылдауды құрамына тапсырыс берушiнiң, сәулет органдарының, мемлекеттiк қадағалау органдарының, бас мердiгердiң, қосалқы мердiгер ұйымдардың, жобалау ұйымының және қажет болғанда басқа да мүдделi ұйымдардың өкiлдерi кiретiн мемлекеттiк немесе жұмыс комиссиялары жүргiзедi. Пайдалануға енгiзiлетiн инженерлiк желiлер тиiстi қала немесе әкiмшiлiк ауданының мемлекеттiк қала құрылысы кадастры қызметiнде тiркеуден өтедi.
      60. Комиссия ұсынған құжаттаманы қарап, салынған имараттарды iс жүзiнде қарап:
      атқарылған жұмыстардың орындау сызбаларына сәйкестiгiн;
      атқарылған жұмыстардың сапасын;
      толық орындалмаған жұмыстарды анықтайды.
      Комиссия атап көрсеткен толық орындалмаған жұмыстар жойылғаннан кейiн, инженерлiк желi тұрақты пайдалануға қабылданады.
      61. Инженерлiк желiлердi пайдалануға қабылдау люктердi, құдықтарды орнатуды және абаттандыру элементтерiн толық қалпына келтiрудi қоса алғанда, жұмыстарды толық аяқтағаннан кейiн жүргiзiледi.
      62. Қаланың орамiшiлiк аумақтарындағы (елдi мекендердiң) және көшелерiндегi құдықтардың, жылу камераларының, люктердiң жай-күйiне осы инженерлiк желiнi жүргiзетiн пайдаланушы ұйым немесе ведомство жауапты.

  12. Инженерлiк желiлер апаттарын жою бойынша 
қалпына келтiру жұмыстары

      63. Өндiрiстiң тоқтауына, жазатайым оқиғаларға себеп болған жерасты инженерлiк желiлерi мен имараттары зақымдалған жағдайда осы имараттарды пайдаланушы ұйымның басшылары немесе басқа өкiлеттi өкiлдерi апат туралы дабыл алғаннан кейiн:
      зақымдалған желiлердi сөндiру және қайта қосу үшiн жауапты тұлғаның басшылығымен апат бригадасын шақырады;
      апат туралы коммуналдық шаруашылық органына, жол полициясына, өртке қарсы қызметке, сондай-ақ апат орнында iргелес жерасты шаруашылығы бар басқа да ұйымдарға хабарлайды. 
      Қоршаған ортаға залал келтiрiлген жағдайда, көрсетiлген ұйымдардан басқа қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi органға хабарлайды, су жүргiзу және/немесе кәрiздiк желiлерде апат болған жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық қызметке хабарланады.
      Егер iрi апат түнгi уақытта болса, апатты жою жөнiндегi ұйымның iс-қимылын үйлестiру үшiн қала (аудан) әкiмi аппаратының кезекшiсiне телефонхат берiледi.
      64. Апатты жою жұмыстары жолды жабуға әкелген жағдайда, жол полициясының органдары жолды уақытша жабу және айналып өту бағыты туралы, сондай-ақ бұзылған желiлердiң иелерiмен бұзылуды жою мерзiмiн белгiлеу мәселесiн шешу бойынша шаралар қолданады.
      65. Апатты жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу кезiндегi барлық жағдайларда жұмыс жүргiзетiн ұйым жұмысын тоқтатпастан, сәулет органдарынан жұмыстарды жүргiзуге ордер алады. Жабындарды, сондай-ақ абаттандырудың өзге элементтерiн қалпына келтiру жұмыстарды аяқтағаннан кейiн жүзеге асырылады.
      66. Егер жер асты имараттары жарамсыз болып қалса және жарамсыз болып қалғанның орнына пайдалануға болатын басқа имараттар бар болса, онда жарамсыз болып қалған имараттар пайдаланудан шығарылады және топырақтың астынан алынады.
      67. Жұмыс iстемейтiн имараттарды жою жөнiндегi жұмыстар және қазған жерлердегi жабындарды қалпына келтiру сәулет органынан рұқсат (ордер) алғаннан кейiн осы Қағидада белгiленген тәртiпте жүргiзiледi.
      Қазуға берiлген ордерде көрсетiлген талаптар бұзылған жағдайда, мемлекеттiк сәулет-құрылысты бақылауды жүзеге асыратын органдар жол берiлген бұзушылықтарды жою үшiн басталған жұмыстарды тоқтата тұруға, келтiрiлген зиян шығындарын белгiленген тәртiпте өндiрiп алуға құқылы.

4 бөлiм. Уақытша имараттарды орналастыру

  13. Сауда нысандарын орналастыру

      68. Эстетикалық сәулеттiк келбеттi сақтау және көшелердi тиiстi санитарлық жағдайда ұстау мақсатында сауда нысандарын (шығарылатын сөрелер, сауда автоматтары, палаткалар, дүңгiршектер және т.б.) орналастыру мемлекеттiк қадағалау органдарымен келiсiлген телiмдi таңдау актiсiне сәйкес жүзеге асырылады.
      69. Жалпы пайдаланудағы жерлерден жер телiмдерi азаматтар мен заңды тұлғаларға жалпы пайдалануға нұқсан келтiрмей, жеңiл үлгiдегi имараттарды (caудa жасайтын шатырларды, киоскiлердi, жарнама құрылғыларын және басқа да сервис нысандарын) орналастыру үшiн уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.

  14. Көлiк құралдарын сақтау және қызмет көрсету 
үшiн имараттарды орналастыру

      70. Тұрғын кварталдарда, шағын аудандарда, тұрғын аудандарда автомобильдердi тұрақты сақтауға арналған гараждар мен алаңшаларды орналастыру мемлекеттiк қадағалау органдарымен келiсiлген және бекiтiлген телiмдi таңдау актiсiне сәйкес жүзеге асырылады. 
      71. Кооперативтiк гараждар мен автотұрақтарды жобалау және салу құрылыс, өзге де нормалар мен ережелердi сақтай отырып жүзеге асырылады.
      72. Автокөлiк құралдарына техникалық қызмет көрсету станциялары өндiрiстiк аймақтарда негiзгi магистральдарға жақын жерде, өнеркәсiптiк, коммуналдық және көлiктiк кәсiпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарының телiмдерiнде, тұрғын үй аймағынан алшақ орналастырылады.
      73. Стационарлық автомобильге май құю станциялары мен техникалық қызмет көрсету станциялары құрылыс нормалары мен ережелерiн, санитарлық, экологиялық және өртке қарсы талаптарды сақтай отырып, арнайы бөлiнген алаңшадарда, қолайлы көлiк кiру жолдары ұйымдастырылған магистральдарда орналастырылады.
      74. Бiр алаңшада техникалық қызмет көрсету станциясын, стационарлық автомобильге май құю станциясын, автомобильдердi жуу пунктерiн және басқа да қызмет көрсету нысандарын бiрiктiруге жол берiледi.
      75. Автомобильге май құю станциялары мен техникалық қызмет көрсету станцияларын орналастыру, оларды орналастырудың бекiтiлген сызбасына сәйкес жүзеге асырылуы тиiс.

  5 бөлiм. Жеке тұрғын үй құрылысы

      76. Жеке тұрғын үй (усадьбалы) құрылысы дегенiмiз - әрбiр тұрғын үй (пәтер) өзiнiң усадьбалы жер телiмiне ие усадьбалы (коттедждi) және блокталған құрылыс болып табылады.
      77. Жеке тұрғын үй құрылысы ауданның сәулеттiк келбетi, оның жоспарлау құрылымы, үйлердiң түрлерi, қабаттылығы, қасбеттерiнiң сәулеттiк шешiмi және абаттандыру сәулет органының сәулеттiк-жоспарлау тапсырмасына сәйкес әзiрленген, осы ауданның бекiтiлген бөлшектiк жоспарлау жобасымен анықталады.
      78. Жеке тұрғын үйлердi жобалау және салу сәулеттiк-жоспарлау тапсырмасына, құрылыс нормалары мен ережелерiне сай белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
      79. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телiмiнiң көлемi Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес белгiленедi. Меншiк иесi жер телiмiн оның мақсатты пайдаланылуы бойынша қолданады.
      80. Жеке тұрғын үй құрылысы нобайлық жоба бойынша жүргiзiледi. Жобада тұрғын ғимараттары үшiн ең төменгi мемлекеттiк нормативтер мен стандарттардан төмен емес қауiпсiз өмiр сүру талаптарына жауап беретiн құрылымдық және жоспарлау шешiмдерi көрсетiледi.
      81. Жеке тұрғын үй құрылысы кезiндегi тапсырыс берушiнiң iс-әрекетi мынадай ретпен жүзеге асырылады:
      тапсырыс берушi жеке тұрғын үй құрылысына жер телiмiн беру туралы қала (аудан) әкiмдiгiне өтiнiш бередi немесе жер телiмiн мемлекет өткiзетiн ашық саудада, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғадан сатып алады;
      әкiмдiктiң оң шешiмiн алғаннан кейiн (жер телiмiн сатып алғаннан кейiн), сондай-ақ жеке тұрғын үйдi жобалауға және салуға рұқсат алғаннан кейiн тапсырыс берушi нобайлық жобаны әзiрлеудi және оны сәулет органымен келiсудi жүзеге асырады;
      ауданның (қаланың) сәулет органының жоба (нобай) бойынша оң қорытындысы негiзiнде тапсырыс берушi ауданның (қаланың) сәулет органына нысандарының құрылысына рұқсат беру туралы өтiнiш бередi. Ауданның (қаланың) сәулет органы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзуге рұқсат бередi, не заңмен белгiленген мерзiмде себебiн көрсете отырып, рұқсат беруден жазбаша бас тартады.
      Өтiнiш берушiнiң толық емес және сенiмсiз мәлiметтер (өтiнiш құжаттары) ұсынуы рұқсат құжаттарын беруден бас тартуға себеп болып табылады;
      Тапсырыс берушi сәулет органынан рұқсат алғаннан кейiн:
      тиiстi лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалармен қажеттi топогеодезиялық жұмыстарды орындауға шарт жасасады;
      құрылыс-монтаждау және абаттандыру жұмыстарын толық көлемде орындайды;
      құрылысы аяқталған нысанды пайдалануға енгiзедi (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес);
      құрылыс нысанын орналастыру жоспарланған жер телiмiнде жасыл желектер өскен жағдайда жасыл желектер ағашын бұзуға байланысты қоршаған ортаға шығынды төлейдi.
      82. Инженерлiк жабдық орталықтандырылған қалалық желiлерге қосуды, сондай-ақ жергiлiктi және кварталдық автономды имараттар орнатуды көздейдi.
      83. Жеке тұрғын үй құрылысы кезеңiнде iргелес аумақтарда тiршiлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қолайлы технологиялық процестi қамтамасыз ету және құрылыс алаңының эстетикалық келбетiн жасау мақсатында тапсырыс берушi жер телiмiне қоршау орнатады және сәулет органымен келiсiлген нобайлы жобаға сәйкес өзге шараларды жүзеге асырады.
      84. Құрылыс аумағын қоршау биiктiгi, сәулеттiк шешiмдер мен қоршау құрылысының материалдары сәулет органымен келiсуге жатады.
      85. Жеке тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейiн тапсырыс берушi нысанды пайдалануға қабылдағанға дейiн сәулет органына топографиялық және орындау түсiрiлiмдерiн, соның iшiнде инженерлiк желiлер бойынша жасауға тапсырыс бередi және ұсынады.
      86. Құрылысты жүзеге асыру тәсiлiне қарамастан, қайта салынған жеке тұрғын үйлер барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарын, абаттандыру және жер телiмiн жобаға сай қоршау жұмыстары орындалғаннан кейiн " Жеке тұрғын үй құрылысы туралы " Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылған қабылдау комиссиясы қабылданады.
      87. Сәулет органы жеке тұрғын үйдi пайдалануға қабылдау актiсiн ресiмдегенге дейiн рұқсат беру құжаттарының барын, нысанның орындау түсiрiлiмдерiн iс жүзiнде тексередi.
      88. Жеке тұрғын үй құрылысын қабылдау қабылдау комиссиясының актiсiмен ресiмделедi.
      89. Қабылдау комиссиясының актiсi тапсырыс берушiнiң жеке тұрғын үйге меншiк құқығын тiркеу үшiн негiз болып табылады.
      90. Тұрғын үйдi, басқа құрылыстарды және имараттарды пайдалану, осы мақсаттарға жұмсалатын шығындарды, сондай-ақ усадьбалы телiм шегiнде күрделi жөндеу және аумақты инженерлiк қорғау жөнiндегi қажеттi шараларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке тұрғын үйдiң иесi жүзеге асырады. 

6 бөлiм. Қорытынды ережелер

      91. Осы Қағидалар меншiк түрiне және ведомстволық бығыныштылығына қарамастан, Шығыс Қазақстан облысы елдi мекендерi аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар үшiн орындалуға мiндеттi.