Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн беру және ақпаратын пайдалану жөнiндегi нұсқаулықты бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттiгi Төрағасының 2009 жылғы 10 шiлдедегi N 118-П Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде 2009 жылғы 6 тамызда Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеудiң тiзiлiмiне N 5740 болып енгiзiлдi

 

"Заң газетi" 2009 жылғы 28 тамыз, № 131 (1554); "Юридическая газета" газетi 2009 жылғы 28 тамыз, № 131 (1728); Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдарының актiлер жинағы, N 9, 2009


 

      Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 14-бабының 1-тармағының 4-тармақшасына және 158-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн беру және ақпаратын пайдалану жөнiндегi нұсқаулық бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылау және мемлекеттiк жер кадастры департаментiнiң Мемлекеттiк жер кадастры және жер мониторингi басқармасы осы Бұйрықтың заңнамада белгiленген тәртiпте Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiне мемлекеттiк тiркеуге жолдануын қамтамасыз етсiн.
      3. Осы Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттiгi төрағасының орынбасары К.Ө. Раймбековке жүктелсiн.
      4. Осы Бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Төраға                                           Ө. Өзiбеков

Қазақстан Республикасы  
Жер ресурстарын     
басқару агенттiгi Төрағасының
2009 жылғы 10 шiлдедегi 
N 118-П бұйрығымен бекiтiлген

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн беру және ақпаратын пайдалану жөнiндегi нұсқаулық

      1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 14-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына және 158-бабына сәйкес әзiрлендi және мемлекеттiк құпияларды және өзге шектеулiктердi қамтымайтын мемлекеттiк жер кадастрының (бұдан әрi – Кадастр) мәлiметтерiн беру және оның ақпаратын пайдалану тәртiбiн нақтылайды.
      2. Кадастр мәлiметтерi берiледi:
      1) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органымен – Қазақстан Республикасы жерiнiң сапасы және пайдаланылуы туралы мәлiметтер:
      жер санаттары бойынша;
      әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерi бойынша;
      алқаптардың түрлерi, олардың саны және сапасының жағдайы бойынша;
      2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органдары-облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиiстi жер балансында болатын жерлерi туралы мәлiметтер:
      облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жерiнiң жалпы көлемi туралы;
      жердi жер санаттары бойынша бөлу;
      алқаптардың түрлерi бойынша бөлу;
      Кадастрда болатын жердiң жағдайы және пайдаланылуы туралы мәлiметтер;
      3) Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорындар - жер-кадастрлық iстердi қамтитын, жер учаскелерi туралы мәлiметтердi:
      жер учаскелерiн құқықтардың жеке және заңды тұлғаларға тиiстiлiгi;
      жер учаскелерiнiң орналасқан жерi және олардың шекаралары;
      шектес жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылары;
      жер учаскелерiн пайдаланудағы шектеулер және ауыртпалықтар;
      жер учаскелерiнiң бөлiнетiндiгi және бөлiнбейтiндiгi;
      жер учаскелерiнiң нысанды тағайындалуы;
      жер учаскесiне құқықтың түрi;
      өтеулi негiзде берiлген жер учаскесiнiң бағалау құны;
      жерлердiң сапалық жағдайы туралы (жер учаскесiнiң топырақ және геоботаникалық сипаттамасы, оның мелиоративтiк жағдайы) және жер мониторингi мәлiметтерi, жер-кадастрлық, топырақ және геоботаникалық карталардан үзiндi көшiрмелер;
      жер учаскесiнiң сәйкестендiру сипаттамалары.
      3. Жер кадастрының мемлекеттiк құпия мен өзге де шектеулердi қамтымайтын мәлiметтерi баршаға қолжетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледi. Жер кадастрының мәлiметтерiн мемлекеттiк органдарға беру ақысыз негiзде осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      4. Кадастрдың мәлiметтерiн жеке және заңды тұлғаларға беру үшiн төлемақының мөлшерiне мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорынның мәлiметтердi әзiрлеуге, оларды рәсiмдеуге және жiберуге жұмсалған шығындары кiредi, және ол Қазақстан Республикасының "Мемлекеттiк мекеме туралы" Заңының 26-бабына сәйкес белгiленедi.
      5. Мәлiметтерге сұрау салып отырған мемлекеттiк органдар осы органның бiрiншi басшысы немесе мемлекеттiк органның басшысының мiндетiн атқарушының қолы қойылған органның тиiстi бланкiдегi, жазбаша сұрау негiзiнде берiледi.
      6. Кадастр мәлiметiн алуға мүдделi тұлға тиiстi ұйымға өзiнiң реквизиттерiн, сұрап отырған мәлiметтердiң сипаттамасын және көлемiн, беру нысаны мен жеткiзу тәсiлiн көрсете отырып жазбаша өтiнiш бередi.
      Өтiнiштi сенiм бiлдiрiлген тұлға берген жағдайда "сенiмхат бойынша" деген жазба енгiзiледi және өтiнiштi бiлдiрушi тұлға туралы мәлiметтермен қатар сенiм бiлдiрiлген тұлға туралы мәлiметтер де көрсетiледi.
      Мүдделi жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттiк органдарды қоспағанда, өтiнiштен басқа, Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорынға келесi құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесiн (жеке тұлғалар ұсынады);
      2) құқық белгiлейтiн құжаттардың көшiрмесiн (мемлекеттiк емес заңды тұлғалар ұсынады);
      3) сенiмхаттың көшiрмесiн (сенiмхат берiлген тұлғалар);
      4) заңнамада белгiленген жағдайларда, өкiлдiң өкiлеттiлiгiн куәландыратын құжаттың көшiрмесiн;
      5) мәлiметтердi беру қызметi үшiн төлемақының төлегенi туралы түбiртектi ұсынады.
      7. Жер учаскесi туралы мәлiмет алу үшiн, өтiнiште сол жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi, ал егер ол болмаған жағдайда, жер учаскесiнiң орналасқан орнының сипаттамасы көрсетiледi.
      8. Нақты аумақтың шекараларында орналасқан бiрнеше жер учаскелерi туралы мәлiметтердi алу үшiн, өтiнiште аталған аумақтың сыртқы шекараларының сипаттамасы берiледi.
      9. Нақты өңiрдiң бар жерлерi және оның сапасының жағдайы туралы мәлiметтер алу үшiн, өтiнiште өңiрдiң атауы және сұрап отырған мәлiметтердiң құрамы көрсетiледi.
      10. Мәлiметтердiң сипаты мен көлемiне байланысты ресми сұраныс кезiнде өтiнiш:
      Республиканың жер қоры бойынша - жер ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi органға, Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған республикалық мемлекеттiк кәсiпорынға;
      нақты жер учаскесi, бiр ауданның шегiндегi жер учаскелерiнiң тобы, тұтас алғанда аудан бойынша – аудандық жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органға, Кадастрды жүргiзетiн облыстық мамандандырылған кәсiпорынға, немесе оның аудандық жер-кадастрлық бөлiмшесiне;
      облыстық жер қоры бойынша – облыстық жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органға, Кадастрды жүргiзетiн облыстық мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорынға;
      республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы жер учаскелерi, жер учаскелерiнiң тобы бойынша – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органға, республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе облыстың кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорынға берiледi.
      11. Кадастрдың мәлiметтерi өтiнiш берiлген сәттен он жұмыс күнi мерзiмiне дейiн қағаз және (немесе) электронды тасымалдағыштарда үзiндi түрiнде, сондай-ақ техникалық және телекоммуникациялық байланыс құралдарын қолдана отырып, Кадастр деректерi банкiсiне тiкелей санкцияландырылған рұқсат түрiнде берiледi.
      12. Кадастрдың мәлiметтерiн беруден бас тартудың дәлелдi себептерi көрсетiлуi және өтiнiш берiлген сәттен он жұмыс күнi мерзiмiне дейiн өтiнiш иесiне жiберiлуi тиiс.
      Осы Нұсқаулықтың 5 және 6-тармағында тiзiмделген құжаттарды бермеу (немесе толығымен бермеу) Кадастрдың мәлiметтерiн беруден бас тартуға негiз болып табылады.
      13. Кадастрдың мәлiметтерiн беру туралы өтiнiш және осы мәлiметтердi беру фактiсi берiлген мәлiметтердiң есеп кiтабында тiркеледi.