Басшылардың ресми сөз сөйлеулері мен өтініштері:
«Шығыс Қазақстан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басғы Аманбай Мұхамедиярұлы Нұркенов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті...»

«Шығыс Қазақстан облысындағы туризмнің дамуы. Туристік бас жоспарлардың әзірленуі»

Құрметті Айтмұхамбет аға!
Сіздің 2009 жылғы 23 ақпандағы №79 хатыңызда қойылған мемлекеттік тілдің қолданысы жайлы сауалдарыңызға төмендегідей қысқаша жауабымды жіберіп отырмын. Кешіктіріп берген жауабыма кешірім өтіне отырып, көтеріп отырған, мемлекетіміз үшін күрделі де маңызды, мәселені талқылауға мені де тартқаныңызға сізге шын жүректен рақметімді жеткізгім келеді.
1. Менің отбасымда негізгі қарым-қатынас тілі – қазақ тілі.
Жұбайым Баршагүл – мұғалім, 1987 жылдан 2002 жылға дейін қазақ мектептерінде (Алматы қаласында, Бозамбай ауылындағы Киров атындағы орта мектепте, Жамбыл атындағы облыстық мектеп-гимназияда), ал 2002 жылдан осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетте қазақ бөлімінде аға оқытушы болып қызмет атқарады.
Тұңғышымыз Серік, облыстық ішкі істер Департаментінде, тергеуші. 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Академиясының магистратурасында тәлім алуда, оқу үздігі.
Кенжеміз Берік Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің шет тілдері бөлімінің 4-курсының студенті, болашақта ағылшын тілінің аудармашысы.
Екеуі де Жамбыл атындағы облыстық мектеп-гимназиясының түлектері.
Жылдағыдай, 2009 жылы да «Дидар», «Егемен Қазақстан» газеттерін үйге жаздырдық. Қазақ баспаларынан шыққан басылымдар мен кітаптарды алып оқуға талпынамыз. Теледидардан қазақ тілінде берілетін бағдармаларды көріп тұрамыз. Негізінен апталық шолулар, ақпараттық бағдарламаларды, айтыстарды, әзіл-сықақ қойылымдарын жібермейміз. Қазақ тіліндегі бағдарламалардың сапасы әлі де болса төмен, әрі саны да көп емес деп есептеймін. Қысқаша айтсам, көбіне Ресей мен Батыс елдерінің бағдарламаларының, ұлттық ерекшеліктер мен артықшылықтарды ескермей көшіріле салатындығы, бағдарлама жүргізушілердің тіл байлығының жетіспеушілігі, сөйлеу мәнері мен ойлау өрісінің, тақырыпты меңгеруінің төмендігі қынжылтады.
2. Мекемеміздегі 15 қызметкердің дені қазақ азаматтары (12-сі), ана тілін орташа білетіндері – 10, қалған екеуі өзге ұлт өкілдерімен бірге тіл үйірмесінен дәріс алуда. Жиналыстар мен лездемелер, іс қағаздарын жүргізу екі тілде өтеді. Аудармашымыз бар, ілеспе аударма құралдары жоқ.
3. Қазақ тілінің - мемлекеттік тіл деңгейінде өріс алуы үшін: біріншіден, әр қазақ азаматы өзінен бастауы керек (отбасында, жұмыста, түзде), балаларын ана тілін, халқын, ата-анасын, туған жерін, елін сүюге тәрбиелеуі шарт. Бұл шарт - жер бетіндегі барша ұлтқа тән қасиет. Екіншіден, әр мемлекет өз азаматтарын бесіктегі бөбегінен бастап мемлекеттік тілді қастерлеуге баулуы керек. Бұл үшін, мемлекеттік тілдегі бала-бақшаларды, мектептерді, орта кәсіптік және жоғарғы оқу орындарының, сапасын арттыра отырып көбейту қажет. Мемлекеттік тілдегі баспалар мен редакцияларға мемлекеттік тапсырыстарды көбейтіп, оның үлесін 50-ден 80 пайызға дейін өсіру, мемелекеттік тілде іс жүргізетін және қалам тартатын мамандарға, журналистерге, қаламгерлер мен мемлекеттік қызметшілерге түрлі жеңілдіктер мен үстемеақылар беру арқылы оның мәртебесін асыру қажет. Жалпы мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін арттыру үшін мемлекеттік стратегиялық арнайы бағдарлама жасалып, жеткілікті қаражат қарастырылып, оның орындалуына баршамыз белсене атсалысуымыз қажет деп есептеймін. Әрине бұл үлкен әрі өте күрделі шаруа, дегенмен жоғарыда айтылғандарға қоса тағы да 2 - 3 ұсыныс беруге болады. Алдымен, жер, су, облыс, аудан, қала, ауыл, көше мен нысандардың (сауда және басқа), мемлекеттік меншіктегі барлық нысандардың аттарын республика көлемінде міндетті түрде тек мемлекеттік тілде жазылу қолға алынса, ел аумағында, мемлекет тарапынан өткізілетін түрлі жиындар, жиналыстар, ондағы баяндамалар да (ілеспе аударма құралдары арқылы аударылуы шарт), мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарын жүргізу тек мемлекеттік тілде жасалуы керек (жеке азаматтардан келіп түскен арыздарға жазылған тілде жауап беруден басқа), жалпы екі ұдайылылық пен жалтақтаудан бірінші кезекте өзіміз арылсақ нұр үстіне нұр болар еді. Бұның ең бастысы – қаржы үнемдеуге себін тигізері сөзсіз. Ал жекеменшік нысандардың аттарын өзге тілде мемлекеттік тілмен, белгіленген ретте, қоса жазуы әр меншік иесінің өз құқығында.
Құрметпен, Аманбай Мұхамедиярұлы Нұркенов.









